ЖАҢАЛЫҚТАР
Оппозиция белсенділері министрліктен партияны тіркемеу себебін түсіндіруді талап етті

5 мамырда бір топ оппозиция белсендісі әділет министрлігіне келіп, "Алға Қазақстан" партиясын тіркемеу себебін түсіндіруді талап етті. Бұған дейін министрлік “Алға Қазақстан” оппозициялық партиясын құру бастама тобының құжатын тіркеуден бас тартқан. Министрліктің ресми жауабында “Саяси партиялар туралы” заңның 8-бабына сәйкес бастамашыл топ тізімінің заңға сәйкес еместігі айтылған. Бірақ нақты түсініктеме берілмеген.
5 мамырда тіркелмеген партия лидері, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин заң талаптарын толық орындағанын, партия тіркеу үшін қажет 1000 адамның орнына 1600 нақты адам тізімін бергенін айтады. Ол партияны тіркемеу себебін “жоғарыдан түскен саяси нұсқаумен” байланыстырады.
– “Өздеріңіз қайтадан тексеріп көріңіздер” дейді. Біз онсыз да мұқият тексеріп, әрқайсысын видеоға жазып әкелгенбіз. Енді олар “мынау сәйкес емес” деп нақты айтуы керек. Бірақ бізге оны айтудан бас тартып тұр. Бұл - масқара жайт, - дейді Жасарал Қуанышалин.
Оның сөзін қоштаған белсенді Әсет Әбішев те құжатты қабылдамаудың “саяси астары” болуы мүмкін деп санайды.
– Билік азаматтық қоғамның үнін естуден қорқады. Біздің "оппозициялық партиямыз” деп мәлімдеуіміз оларға ұнаған жоқ. Партия құруға атсалысып жүрген азаматтардың бәрі – өзіндік ұстанымы бар белсенділер. Бұл да билікке ұнамай тұр. Тоқаевтың “демократиялық жаңа Қзаақстан” туралы әңгімесі бос сөз екенін көрсетті, – дейді ол.
Оппозиция белсенділерінің сұрақтарына жауап берген министрлік өкілі Гүлмира Ламашарипова "бұл дербес деректер, ол жөнінде ақпарат бермейміз" деп Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Билік осыған дейін елде саяси қудалау жоғын бірнеше рет айтқан.
“Алға Қазақстан” оппозициялық партиясын құрушылар сотқа жүгінетінін, сол жерде өздерінің құқықтарын қорғайтынын айтады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір “Ел тірегі”(Нұржан Әлтаев),”Намыс” (Санжар Боқаев), “Байтақ” (Азаматхан Әміртай) және “Халық дербестігі” (Жұматай Әлиев) тіркелудің бірінші кезеңінен өткен. 2019 жылы президентікке қазақ тілінен көп қате жіберіп, өте алмаған Жұматай Әлиевтің “Халық дербестігі” партиясы 20 мың адам қол жинап, съезін өткізген. Бірақ бұл партия туралы ашық ақпарат көзінде ешқандай мәлімет жоқ.
Видео: Министрлік оппозициялық саясаткер Қуанышәлиннің партия құруына рұқсат бермеді (5 мамыр 2022 жыл).
Басқа да жаңалықтар
Ресей әскери кемелері Балтық теңізінде мұнай таситын танкерлерге еріп жүр

Ресей әскері Балтық теңізінде мұнай таситын танкерлерге еріп жүретінді шығарды. Ол танкерлер, болжам бойынша, тасадағы флотқа тиесілі болуы мүмкін. Финляндияның қорғаныс министрі Антти Хяккянен Yle телеарнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, танкерлер Фин шығанағынан өткен кезде әскери кемелер қоса еріп жүреді. Ол операцияға қандай кемелер қатысып жатқаны нақты айтылмаған. Хельсинки әлгі кемелердің танкерлерге бұлайша еріп жүруін қауіп деп қарастырмайтынын мәлімдеді.
Теңізде танкерлермен бірге жүру Финляндия мен Эстонияның шекара қызметкерлері "тасадағы флотқа тиесілі" делінетін танкерлерді ұстағаннан кейін басталған.
Еуропа одағы елдері ескірген танкерлердің Ресей мұнайын тасымалдауы аймақ экологиясына қатер төндіруі мүмкін екенін айтып отыр. Оған қоса, Еуроодақ енгізген санкцияларға сәйкес, әлгіндей кемелер мұнайды белгіленген шекті межеден асатын бағамен тасымалдаған жағдайда оларға сақтандыру қызметін көрсетуге тыйым салынады.
Дүйсенбі күні Финляндияның сыртқы істер министрлігі Ресейдің елшісі Павел Кузнецовты шақыртып, оған 23 мамыр күні екі ресейлік әскери ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзған деген болжамға байланысты нота тапсырды, деп хабарлады Yle телеарнасы.
СІМ өкілдері Ресей елшісіне Финляндия шекара бұзылған болуы мүмкін деген дерекке мән бере қарап отырғанын және бұл мәселеге байланысты ресми түсініктеме талап ететінін жеткізген.
Өткен аптада жұма күні күндіз Хельсинкидің шығысында орналасқан Порвоо коммунасы ауданында Финляндия әуе кеңістігі шекарасы бұзылған болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Оқиғаның егжей-тегжейі жарияланған жоқ. Мәскеу ол оқиға жөнінде ешқандай пікір білдірмеді.
Трамп Еуроодақ тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізуді 9 шілдеге қалдырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен телефонмен сөйлескеннен кейін Еуропа одағынан елге келетін тауарларға 50 пайыздық тариф енгізуді 9 шілдеге қалдырды.
"Бүгін маған Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен қоңырау шалып, 50 пайыздық тариф бойынша маусымның 1-іне белгіленген мерзімді ұзартуды өтінді. […] Мен 2025 жылдың 9 шілдесіне дейін ұзартуға келістім", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Трамп Еурокомиссия жетекшісімен әңгіме "өте жағымды" болғанын айтты. Ол "келіссөз көп ұзамай басталады" деп жазды.
Фон дер Ляйен президент Трамп екеуі "жақсы" әңгіме өткізгенін X әлеуметтік желісінде жазды.
"Еуропа келіссөздерді жедел әрі батыл түрде алға жылжытуға дайын. Жақсы мәмілеге қол жеткізу үшін бізге 9 шілдеге дейін уақыт қажет", – деді ол.
АҚШ 1 маусымнан бастап Еуропа одағынан келетін көптеген тауарға 50 пайыздық тарифті күшіне енгізбек болған. Бұған дейін Трамп Еуропа одағымен тариф жайлы келіссөздер тығырыққа тірелді деп мәлімдеген еді.
- Биыл 2 сәуірде Трамп АҚШ-тың сауда серіктестерінің көпшілігінен баж алымы ұлғайтылатынын жариялаған. Мысалы, Еуропа одағынан АҚШ-қа баратын тауарларға 20 пайыздық баж салығы енгізілсе, Ұлыбритания тауарларына - 10%, ал кейбір елдердің тауарларына 40% және одан да көп мөлшерде баж салығы енгізілетінін мәлімдеген.
- 10 сәуірде АҚШ президенті 75 елден келетін тауарларға салынатын жаңа баж салығын енгізуді 90 күнге кейінге қалдырғанын, ал Қытайдан баратын тауарларға баж салығын 145% мөлшерінде бекіткенін мәлімдеді. Көп ұзамай Қытай АҚШ-тан баратын тауарларға 125% мөлшерінде баж салығын енгізетінін жариялады.
- Еуропа одағы АҚШ тауарларына 25% баж салығын енгізуді 90 күнге кейінге қалдырған.
БАҚ: Cауд Арабиясы EXPO көрмесі мен футболдан әлем чемпионатына дейін алкогольге тыйымды босаңсытпақ

Сауд Арабиясы 2026 жылдан бастап алкоголь өнімдерін шектеулі түрде сатуға және тұтынуға рұқсат бермек деп жазды үндістандық The Economic Times газеті. Бұл – осы елде 2030 жылы өтетін Дүниежүзілік EXPO көрмесіне және 2034 жылы болатын футболдан әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі деп хабарлады басылым.
Газеттің жазуынша, тек арнайы белгіленген аймақтарда алкоголь сатуға рұқсат етілмек – бүкіл ел бойынша ондай 600 сауда орны, негізінен қонақүйлерде, курорттарда және туристерге арналған аймақтарда болмақ. Тек тиісті лицензиясы, арнайы оқытылған қызметкерлері бар мекемелерде сыра, шарап және сидр сатуға рұқсат етілмек. Ал күші одан жоғары алкоголь ішімдіктерін сатуға бәз баяғысынша рұқсат жоқ, сондай-ақ жеке тұлғаларға алкоголь ішімдігін дайындауға салынған тыйым да сол қалпы күшінде.
Алкоголь ішімдіктеріне байланысты саясаттағы бұл өзгерістер Сауд Арабиясының "Vision 2030" экономикалық даму бағдарламасының бір бөлігі саналады. Атап айтқанда, бағдарлама туризм саласын кеңейтуді көздейді. Билік өкілдері бұл өзгерістер жаңадан жұмыс орындарын ашуға және шетелдік инвестиция тартуға септеседі деп есептейді.
1952 жылы Сауд Арабиясында алкоголь ішімдіктерін тұтынуға тыйым салынған, ол содан бері әлі күнге дейін күшінде. Бұл ел әлемде алкогольге қатаң тыйым салған мемлекеттердің бірі.
Өзбекстан мен Қазақстан шекарадағы кезекті азайтқысы келеді

Өзбекстан мен Қазақстан көлемі ірі және бос жүк көліктерін жаңа бекеттер арқылы өткізуді жолға қойды жоспарлап отыр. Өзбекстанның Кеден комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Өзбекстан Кеден комитетінің төрағасы Акмалхужа Мавлонов пен Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембаевтың 22 мамырда Алматыда өткен кездесуінде айтылған.
Тараптар мұндай санаттағы көліктерді "Ок олтин" – "Целинный" және "Малик" – "Сырдария" бекеттері арқылы өткізу Өзбекстандағы "Яллама", "Нажимов" және "Сырдария" бекеттеріндегі, сондай-ақ Қазақстанның шекара бекеттеріндегі кезекті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп үміт артады.
Екі ел арасындағы тауар айналымын кеңейту жөніндегі бекітілген бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай өзара сауда көлемі 10 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізілмек.
Осыған байланысты екі елдің кеден қызметтері шекарадан өткізу тәртібін жеңілдетіп, ауыл шаруашылығы өнімдері үшін "жасыл дәліз" енгізіп, өткізу бекеттеріндегі кезектерді тиімді басқаруды көздеп отыр.
Биыл маусым айынан бастап Өзбекстан шекара маңындағы кеден бекеттерінде "Электрон кезек" жүйесін кезең-кезеңімен енгізе бастамақ. Бұл жүйе алғаш болып Қазақстанмен шекарадағы "Науаи" кеден бекетінде іске қосылады.
Бұған дейін Өзбекстан мен Қазақстан өзара сауда көлемін арттыру мақсатында төрт қосымша сауда дәлізін ашуды жоспарлап отыр деген ақпарат жарияланған еді.
Өткен аптада Өзбекстан Қазақстан азаматтарының ел аумағына ішкі құжатпен немесе ID-картамен, ал балалардың – "киндер-паспорт" көрсетіп, 30 күнге дейінгі мерзімге емін-еркін кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр деген хабар тараған.
"Мүлде есінен адасты". Ресейдің Украинаға шабуылынан соң Трамп Путинді сынға алды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді "мүлде есінен адасты" деп сынға алды. Ресей армиясы бірнеше күн қатарынан Украинаға дронмен және зымыранмен жаппай шабуыл жасағаннан кейін Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде әлгіндей пост жазды.
"Ресейлік Владимир Путинмен әрдайым өте жақсы қарым-қатынаста болған едік, бірақ оған бірдеңе болды. Ол мүлде есінен адасты! Көп адамды еш қажетсіз өлтіріп жатыр, мен әскер ғана туралы айтып отырған жоқпын. Зымырандар мен дрондарды себепсізден-себепсіз Украина қалаларына ұшырып жатыр", – деп жазды Трамп.
Ол Путин күллі Украинаны иемденгісі келетінін, бірақ оның аяғы Ресейді жақсылыққа апармайтынын ескертті.
"Ол Украинаны тек бір бөлігін емес, тұтас алғысы келетінін үнемі айтып келдім және ол шындық болып шығуы мүмкін, бірақ егер ол мұны іске асырса, бұл Ресейдің күйреуіне әкеледі", – деп мәлімдеді Трамп.
Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді де сынға алды. Оның пікірінше, Зеленскийдің сөздері елге зиян болып отыр. Алайда нақты қандай сөздер екенін Трамп нақтыламады.
"Тура сол сияқты, президент Зеленский де не болса соны айтып, өз еліне еш пайда тигізіп жатқан жоқ. Оның аузынан шыққан әр сөзі мәселе туындатады, маған онысы ұнамайды және оны доғарғаны жөн болар еді", – деді Трамп.
Бұған қоса ол "егер мен президент болғанымда, Украинадағы соғыс мүлде басталмас еді" деп, осыған дейін де бірнеше рет айтқан сөзін тағы қайталады. Бұдан бөлек, Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыстан өзін аулақ ұстауға тырысып, бұл соғыстың оған қатысы жоғын айтты. Бұрын, АҚШ президенті болып екінші мерзімге сайланғанға дейін Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты бірнеше күн ішінде тоқтатуға уәде берген.
"Бұл – Трамптың емес, Зеленскийдің, Путиннің және Байденнің соғысы. Мен тек өрескел біліксіздік пен өшпенділік кесірінен тұтанған ірі әрі жексұрын өртті сөндіруге көмектесіп жатырмын", – деп жазды АҚШ президенті.
Бұған дейін Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог кейінгі күндері Ресей армиясының Украинаға жасаған жаппай шабуылдарына байланысты пікір білдіріп, оларды "масқара әрекет" деп атаған.
"Бұл – Киев. Әйелдер мен балаларды түнде өз үйінде мақсатсыз өлтіру – бейбіт тұрғындарды қорғауға бағытталған 1977 жылғы Женева бейбіт хаттамаларын көпе-көрнеу бұзуға жатады. Бұл шабуылдар – масқара қылық. Адам өлтіруді тоқтатыңдар. Атысты дереу доғарыңдар", – деп жазды Келлог.
Украина әуе күштері қолбасшылығының хабарлауынша, 25 мамырға қараған түні Ресей Украинаны нысана етіп, кемінде 69 зымыран мен 298 дрон ұшырған. Олардың 45 зымыраны мен 266 дронын Украина күштері атып түсірген. Кейінгі мәліметтер бойынша, осы шабуылдардың салдарынан Украинада 12 адам қаза тауып, 50-ден аста адам жараланған.
Ресейдің Киев облысына жасаған жаппай шабуылы салдарынан төрт адам өлген, тағы 16 адам жараланған, олардың арасында үш бала бар. Киев қаласында 11 адам жараланып, бизнес орталығы мен жатақхана бүлінген.
Еуроодақ ресейлік 20 банкті SWIFT жүйесінен ажыратуды қарастырып жатыр

Еуропа одағының билігі Ресейге салынатын жаңа санкциялар аясында 20-дан астам ресейлік банкті SWIFT жүйесінен ажырату мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл ақпаратты өз дереккөздеріне сүйеніп Bloomberg хабарлады.
Бұған қоса, Еуроодақ Ресей мұнайының әр барреліне 60 доллар деп бұған дейін белгіленген бағаны 45 долларға дейін төмендетіп, "Солтүстік ағын" газ құбырының құрылысына тыйым салуы мүмкін деп жазды агенттік.
Оның дерегінше, Еурокомиссия қазір Еуроодаққа мүше елдермен кеңесіп жатыр, алайда шешім қашан қабылданатыны әзірге белгісіз. Оған қоса, Ресейдің кірісін қысқарту және қару-жарақ өндіруге пайдаланылатын технологияларға ие болу мүмкіндігін шектеу мақсатында шамамен 2,5 миллиард доллар көлеміндегі жаңа сауда санкциясын енгізу мәселесі де талқыланып жатыр.
- SWIFT – халықаралық банктер арасындағы ең ірі есеп айырысу жүйесі. АҚШ пен Еуроодақ 2022 жылдың ақпанында ресейлік банктерді бұл жүйеден ажыратуды бастаған. Алайда Ресей жағының мәліметінше, былтырғы жылдың аяғына қарай шамамен 200 ресейлік банк әлі де SWIFT жүйесіне қосылулы болған.
- 2025 жылдың ақпанында Еуроодақ 16-санкциялар пакеті аясында тағы 13 ресейлік банк SWIFT жүйесінен ажыратылды. Осы аптада қабылданған 17-санкция пакетінде, Брюссельдің мәліметінше, Ресейдің тасадағы флотына тиесілі 200-ге жуық кемеге және 75 жеке және заңды тұлғаға шектеулер енгізілді.
Газа денсаулық сақтау министрлігі шабуылдардан 30 адам қаза тапты деп хабарлады

Газа секторы аумағына Израиль жасаған әуе шабуылдары салдарынан кемінде 30 адам қаза тапқан. Мұндай деректі палестиналық ХАМАС тобына (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) бағынышты Газа денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазды Reuters агенттігі.
Мәліметтерге сәйкес, Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия қаласында жергілікті журналистің үйіне жасалған шабуылдан ол адам отбасының бірнеше мүшесімен қоса мерт болған. Ал Нусейрат қаласында құтқару қызметінің жоғары лауазымды қызметкері мен оның әйелі қаза тапқан – шабуыл олар үйінде болған кезде жасалған.
ХАМАС бақылауындағы Газа үкіметінің баспасөз қызметі 2023 жылдың қазан айынан бері 220 палестиналық журналист қаза тапқан деп мәлімдеді.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) жексенбі, 25 мамыр күні Бас штаб бастығы Эяль Замирдің Хан-Юнис қаласындағы әскерге барғанын хабарлады. Ол сарбаздарға: "Бұл соғыс мәңгілік емес", – деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ХАМАС өз активтерінің басым бөлігінен айырылған.
"Біз тұтқындарды үйіне қайтару, ХАМАС пен оның билігін жою үшін қолымыздағы барлық құралды пайдаланатын боламыз", – деген Эяль Замир.
ЦАХАЛ хабарламасында жексенбі күні Газа секторына жасалған шабуылдар жөнінде ештеңе айтпаған.
Газа секторындағы әскери іс-қимылдар 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасағаннан бері (арасында аз ғана үзілістер болды) жалғасып жатыр. ХАМАС бастаған шабуыл салдарынан шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам тұтқынға түскен. Осы шабуылға қарымта ретінде Израиль ауқымды әскери операция бастаған. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі сол уақыттан бері 53 900-ден астам адам қаза тапқан деген дерек келтіреді (мұны тәуелсіз дереккөздерден нақтылау мүмкін болмай отыр). Оған қоса, ХАМАС-тың бірқатар жоғары лауазымды жетекшісі өлтіріліп, әскери инфрақұрылымының бір бөлігі жойылған. Қарулы қақтығыстар салдарынан Газа секторы аумағындағы ғимараттардың 60 пайыздан астамы қираған.
БАҚ: Шредердің шотына Nord Stream 2 компаниясынан келген ақшаны аудару тыйылған

Германияның Ганновер қаласындағы Sparkasse банкі "Солтүстік ағын – 2" жобасының операторы Nord Stream 2 AG компаниясынан түскен төлем ақшаны елдің бұрынғы канцлері Герхард Шредердің есепшотына аударуды тоқтатқан. Мұндай ақпаратты немістің Bild басылымы жариялады.
Басылымның жазуынша, Nord Stream 2 AG компаниясы әр алты ай сайын Шредерге шамамен 200 мың еуро аударып тұрады. Бұл ақша – Шредерге Nord Stream 2 AG директорлар кеңесінің төрағасы қызметі үшін төленетін сыйақы. Шредер ол қызметті 2016 жылдан бері атқарып келеді.
Sparkasse банкі 2024 жылдың ортасынан бастап ол төлемдерді бұғаттап, ақшаны Люксембургтегі Газпромбанк филиалына кері қайтарып отырады. Банк мұндай шешім АҚШ тарапынан санкция салыну қаупі болғандықтан қабылданды деп түсіндірген. Bild атап өткендей, Шредердің өзі ешбір санкция тізіміне енбеген, ал "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы АҚШ санкциялары 2022 жылы енгізілген.
Bild басылымының жазуынша, төлемдер бұғатталмай тұрып бірнеше апта бұрын Sparkasse банкі директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Белит Онай тағайындалған. Ол бұған дейін бұрынғы канцлерді бірнеше рет сынға алған еді. Онай 2022 жылы Ганновердің обер-бургомистрі қызметін атқарған кезде, экс-канцлер Шредердің Ресеймен іскерлік байланысын үзбегені үшін оны қаланың құрметті азаматы атағынан айыруды қолдаған.
Басылым дерегі бойынша, Шредер әзірге Sparkasse банкіне қарсы сотқа шағым түсірмеген.
Медиа: АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қысқарту жүріп жатыр

АҚШ президентінің әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде (ҰҚК) ауқымды қысқарту бастады. Ондаған қызметкер жұмыстан босатылған. Мұндай ақпаратты өз дереккөздеріне сүйеніп, Washington Post, Reuters және CNN хабарлады.
БАҚ сөйлескен адамдардың айтуынша, қысқарту әкімшілік тағайындаған қызметкерлерге де, Мемлекеттік департаменттен, Пентагоннан және басқа да мекемелерден уақытша жіберілген шенеуніктерге де әсер еткен.
CNN мәліметінше, 100-ден астам ҰҚК қызметкері әкімшілік демалысқа жіберілген. Олардың арасында маңызды геосаяси мәселелер бойынша мамандар да болған деп хабарлады Reuters. Оларға ҰҚК-дегі қызметтен қысқартылғаны туралы хабарлама жұма, 23 мамырда жұмыс күні аяқталар алдында берілген. Олардың көпшілігі бұрынғы өз мекемелеріне оралуы мүмкін деп жазды агенттік.
Қысқартуларды АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметін қоса атқаруға кіріскеннен кейін басталған. Оған дейін ҰҚК кеңесшісі болған Марк Уолтц құпия ақпараттар Signal чатында жария болып кетуіне байланысты отставкаға кеткен. Әлгі чатқа Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг кездейсоқ қосылып кеткеннен кейін үлкен шу шыққан.
Қысқартуды құптайтын ҰҚК құрамы алдыңғы президенттердің тұсында айтарлықтай ұлғайған дейді. Мысалы, кіші Джордж Буштың тұсында қауіпсіздік кеңесінде 204 адам, Барак Обама президент болған кезде – 222, Джо Байден әкімшілігінде – 186 адам жұмыс істеген. Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде ҰҚК-де 119 адам болған. Қазір олардың санын, әкімшілік қызметкерлерін есептемегенде, 50-60 адамға дейін қысқартқысы келеді.
Washington Post дереккөздері ҰҚК тиімді жұмыс істеуі үшін Ақ үй ұлттық қауіпсіздікке жауапты басқа агенттіктерге көбірек өкілеттік беруі қажет екенін айтады. Алайда Дональд Трамптың басқару стиліне байланысты, оның іске асуы екіталай деп жазды басылым.
Ақ үй ҰҚК-дегі қысқарту жайлы ақпараттар әзірге түсініктеме берген жоқ.
Израиль Хан-Юнисте тоғыз бала қаза тапқан деген деректі тексеріп жатыр

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 24 мамыр, сенбі күні Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында тұрғын үйге жасалған әуе шабуылы салдарынан тоғыз бала қаза тапқан деген хабарлады тексеріп жатқанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты AFP агенттігі хабарлады.
Газадағы азаматтық қорғаныс агенттігінің мәліметінше (бұл құрылым АҚШ пен Еуропа одағы террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобына бағынады), қаза тапқан балалар – жергілікті ерлі-зайыпты дәрігерлер Хамди әл-Наджар мен Алаа әл-Наджардың балалары. Агенттік өкілі Махмуд Бассалдың айтуынша, балалар қирандылар астынан өлі табылған. Кейбірі қатты күйген.
Отағасы мен оның 10 жастағы Адам есімді тағы бір ұлы ауыр жараланған. Отбасы түгелдей "Насер" ауруханасына жеткізілген.
Хан-Юниске әуе шабуылы жасалғанын ресми түрде растаған ЦАХАЛ, әскери дрон зымыраны "сол аумақтағы құрылымнан әрекет еткен бірнеше күдіктіні" нысанаға алған деп мәлімдеді. ЦАХАЛ өкілдері Хан-Юнис ауданын "соғыс қимылдары жүріп жатқан қауіпті аймақ" деп атап, бейбіт тұрғындар қаза тапқан деген ақпаратты тексеріп жатқанын айтты. 19 мамыр күні Израиль армиясы сол аудандағы бейбіт халықты эвакуациялау туралы бұйрық шығарған еді.
Израильдің орыс тіліндегі Newsru.co.il басылымының хабарлауынша, бұған дейін Израиль армиясы "Насер" аурухана кешенін террористер Израиль әскері мен азаматтарына шабуыл жоспарлау үшін пайдаланып отыр деп мәлімдеген. Мысалы, Газа секторындағы ХАМАС үкіметінің басшысы Исмаил Бархум 2025 жылдың наурыз айында көзі жойылғанға дейін дәл осы аурухана кешенінде әрекет еткен деген ЦАХАЛ 13 мамыр күні "аурухана аумағында орналасқан ХАМАС террористері штабына" әуе шабуылы жасалғанын айтты.
Израильде ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газада кепілде ұстап отырған тұтқындарды түгелдей босатуға қол жеткізуді талап еткен жаппай наразылық акциялары жалғасып жатыр. Израиль армиясының бағалауынша, ХАМАС қолында әлі шамамен 50 тұтқын бар, олардың 21-і ғана тірі болуы мүмкін. 24 мамыр кешке Тель-Авивте тұтқындардың туыстары қатысқан тағы бір митинг өтті. Акцияға қатысқандар үкіметтен Газадағы әскери әрекеттерді тоқтатуды талап етіп, соғысты жалғастыру ХАМАС қолында қалып отырған жақындарын босатуға көмектеспейтінін айтты.
Сенбі күні Израильдің ұлттық киберқауіпсіздік басқармасы тұрғындарға ХАМАС кепіл қылып ұстап отырған адамдардың дауысы, жарылыс дыбыстары мен айғай-шу жазылған жазбалар лек-легімен түскенін хабарлады. Басқарма мұны халық арасында "үрей тудыруды" көздейтін әрекет деп бағалады.
Ресей Украинаға түнде тағы соққы жасады. 10-нан астам адам қаза болды

Жексенбіге қараған түні Ресей әскерінің Украинаға жаппай шабуылының нәтижесінде 10-нан астам адам қаза болды.
Киев облысында 4 адам қаза болды, 16 адам жараланды. Зардап шеккендер арасында үш бала бар. Киевтің өзінде 11 адам зардап шекті.
Житомир облысында үш бала қаза болды, 12 адам зардап шекті. Хмельницк облысында - төрт адам, Николаев облысында бір адам қаза болды. Шабуылға сонымен бірге Харьков, Конотоп, Сумы, Тернополь, Одесса, Чернигов және Запорожье облыстары ұшырады.
Украина әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей жексенбіге қараған түні Украинаға кемінде 69 ракета мен 298 дрон жіберген. Осы хабарламаға қарағанда, 45 ракета мен 266 дрон атып түсірілген. Осыған ұқсас шабуыл 24 мамырда түнде болған.
Украина президенті Владимир Зеленский ірі соққыдан кейін Ресейге қарсы жаңа санкция салуға үндеді.
"Қалаларға қасақана түрде соққы жасады. Тұрғын үйлер қирады және бүлінді... Қаза болғандар бар, арасында балалар да бар. Ресейдің осындай террористік сипаттағы әрбір соққысы – Ресейге қарсы жаңа санкция салуға негіз бола алады. Ресей соғысты созбалақтап, күн сайын адамдарды өлтіріп жатыр...Мұны елемеу мүмкін емес. Американың үнсіздігі, өзге елдердің үнсіздігі Путинге тек дем береді. Ресей басшылығына қарсы шынайы қатты қысым болмай оның қатігездігін тоқтату мүмкін емес. Санкциялар көмектеседі. Қазір кесімділік маңызды. Әлем орыс экономикасының әлсіздігін біледі. Соғысты тоқтатуға болады, бірақ Ресейге тиісті күшпен қысым жасау арқылы ғана мүмкін. Путинді ракета жіберу емес, соғысты аяқтау туралы ойлауға мәжбүрлеу керек" деді Зеленский.
Блогер Каспий жағалауынан өлі итбалықтар табылғанын хабарлады

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутин ауылы маңында тағы да өлі итбалықтар табылды деп хабарлады ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.
“Бүгін Евроньюстың түсірілім тобымен бірге Каспий теңізіне қатысты экологиялық мәселелер туралы репортаж түсіру үшін Форт-Шевченкоға келдік. Ондағы көріністен шошып кеттік. Жағалаудағы шағын кеңістіктің өзінен 50-ден астам өлі ересек итбалықты таптық. Және бұл бір шақырым ғана” деп жазды блогер бір күн бұрын.
Оның сөзінше, жергілікті балықты қорғау инспекторлары екі күн бұрын ғана бұл жерден 160-тан астам өлі итбалық тауып, утилизациялаған.
Каспий жағалауынан өлі итбалықтар жиі табылады. Жыл басынан бері осыған ұқсас ақпарат бірнеше рет тарады.
Былтыр күзде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында табылған өлі итбалық саны екі мыңға жуықтағаны хабарланды. Биыл қаңтарда Алматыдағымикробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы "итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылғанын" хабарлаған.
Былтыр қарашада гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.
Солтүстік Кореяда арнайы рәсім кезінде кеменің батуына қатысты бірнеше лауазымды тұлға қамауға алынды

Солтүстік Корея билігі жаңа эсминецті суға түсіру кезінде болған оқиғаға қатысты үш лауазымды тұлға қамауға алынды деп хабарлады Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары.
Ким Чен Ын қатысқан 21 мамырда өткен салтанатты рәсім кезінде 5 мың тонналық кеме тепе-теңдік ұстай алмай, нәтижесінде корпусы бүлініп, суға батып кеткен еді.
Ким Чен Ын оқиғаны “жауапсыздық, ғылыми емес тәжірибе және немқұрайлықтан туындаған қылмыс” деп атады.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, эсминец құрастырылған Чхонджин кеме жасау орнының бас инженері, сонымен бірге құрылыс жетекшісі мен әкімшілік менеджері ұсталған. Ресми хабарламада “апат үшін солар жауап беретіні” жазылған.
Оқиғадан қанша адам зардап шеккені белгісіз.
Жаңа құрастырылған эсминец туралы ашық дерек өте аз. Солтүстік Корея оның атын да атамады. Оның сыйымдылығы – 5 мың тонна деп айтылады. Егер оны қалпына келтірсе, ол Солтүстік Корея флотындағы ең ірі екі кеменің бірі болмақ.
- Аталған эсминец кеменің "Чхве Хён" түріне жатады. Жаңа үлгідегі бас кеме сәуір айында суға түсірілген. Жарияланған суреттерге қарағанда, бірінші кемеде үш түрлі 74 зымыранға арналған қондырғы жүйелері, бір 100-130 мм артиллериялық қондырғы, екі алты ұңғылы 30 мм артиллериялық қондырғы, зениттік-зымырандық және артиллериялық жүйе және болжам бойынша, қиғаш қондырғылары бар деп жазды imp-navigator блогы.
Белсенді Әлнұр Илияшев АЭС салынатын орынға қатысты үкіметті сотқа берді

Белсенді Әлнұр Илияшев Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС орны Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 22 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берді. Халықаралық нормаға сәйкес, АЭС әскери нысандардан кемінде 30 шақырым алшақ орналасуы керек.
Белсенді "Гиперборей" арнасына берген сұхбатында маңына атом станциясы салынайын деп отырған Үлкен ауылдық округы мен полигонның шекарасы арасы небәрі 22 шақырым екенін, ал бұл қауіпті екенін айтады. Аталған полигонда ракетаның өзге түрлерімен қатар кемінде мың шақырымға ұшатын құрлықаралық баллистикалық ракеталар да сынақтан өтеді және екі елдің келісімінде де ракета бөлшектері полигон аумағынан тыс жерге құлауы мүмкін екен де жазылған.
"Бұл өте қауіпті. Мен арнайы сервистердің көмегімен 2000 жылдары ратификацияланған келісімде бекітілген шекараларды алып қарадым. Осылайша екі нысан арасындағы қашықтық небәрі 22 шақырым екенін анықтадым. Яғни, Үлкен ауылдық округы мен полигон шекарасына дейінгі аралық. Оның үстіне бізде бұл келісім он жыл сайын ұзартылады. Қазір [кемінде] 2030 жылға дейін полигон істейтіні белгілі" деді Әлнұр Илияшев арнаға.
Белсендінің шағымын 21 мамырда Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты тіркеген.
Қазақстан үкіметі әзірге белсендінің шағымына реакция білдірмеді.
"Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы қаулыға былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған. Оған сәйкес, елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданын ресми түрде бекітілген. АЭС салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы осы өңірге қарайды.
Белсенді Әлнұр Илияшев соттан осы қаулыны заңсыз деп тануды сұрап отыр.
Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ресей Украинаға дрон және зымырандармен соққы жасады

24 мамырға қараған түні Ресей әскері 14 баллистикалық ракета ("Искандер-М"/KN-23) және 250 Shahed және өзге де дрон түрлерімен Украина аумағына ірі соққы жасады. Бұл жөнінде Украина қарулы күштері хабарлады.
Украина әскерінің хабарлауынша, ракеталар Ресейдің Брянск облысы, Таганрог, Ейскі аумақтарынан, сонымен бірге оккупацияланған Қырымнан ұшырылған. Шабуылдың негізгі мақсаты тағы Киев болғаны хабарланды.
"Сағат 8:30-дағы жағдай бойынша әуе шабуылына қарсы күштері Киевке қарсы бағытталған алты ракетаны атып түсірді. Бұдан бөлек, қарсы жақтың 245 дроны жойылды: 128 оқпен, 117 істен шығарылды" деп жазылған Украина қарулы күштерінің хабарламасында. Полицияның мәліметінше, Киевте кемінде 15 адам зардап шеккен.
Ресейдің жаппай шабуылы 23 мамырда сағат түнгі ондарда басталған. Киев, Черкасск, Кировоград, Николаев, Днепропетровск, Запорожье, Полтава, Харьков, Чернигов, Сумы, Донецк және Луганск облыстарында әуе дабылы іске қосылды.
Ресей Украина аумағын ракета, дрон-камикадзе, әуе бомбалары мен артиллериямен атқылап жатыр. Кремльдің "соққы тек әскери нысандарға ғана жасалып жатыр" деген мәлімдемесіне қарамастан Украина билігі мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана. энергетика және сумен жабдықтау нысандарына соққы жасалғанын тіркеген.
Мұндай әрекеттер әскери қылмыс санатына жатқызылып, бейбіт халыққа бағытталған шабуыл ретінде бағаланады.
ПІКІРЛЕР