Accessibility links

"Жұмысымды мойындағандары". Өзбек құқық қорғаушы өртенген төлқұжатын DHL арқылы алған


Шарифа Мадрахимова мен өртенген паспорты.
Шарифа Мадрахимова мен өртенген паспорты.

Өзбекстанда журналист әрі құқық қорғаушы Шарифа Мадрахимованың Ирландияға ұшар алдында төлқұжатын бүлдіріп тастаған. Ол халықаралық Front Line Defenders сыйлығының лауреаты атанып, Дублинге марапаттау рәсіміне бармақ болған. Бірақ ұшар алдында бүлінген құжатын алған. Мадрахимова "бұл мені Өзбекстаннан шығармас үшін әдейі жасалған" дейді.

Ферғаналық журналист әрі құқық қорғаушы Шарифа Мадрахимова басын қауіпке тіккен құқық қорғаушыларға берілетін Front Line Defenders сыйлығын алғандардың қатарында. Ол Ирландиядағы марапаттау рәсіміне барар алдында виза басылған паспортын бүлдіріп, салып жіберген.

"Міне, паспорттың алды жағы бүтін, күдіктенетін ештеңе жоқ. Ал артқы мұқабасын қарасаңыз, металл жіптер шығып тұр" дейді ол желіде жариялаған видеосында.

Мадрахимова Азаттық журналистерімен әңгімеде Өзбекстанда Ирландия елшілігі болмаған соң виза үшін паспортын Ирландияға жіберген.

"Өзбекстанда Ирландияның елшілігі жоқ, сондықтан Ирландия визасын алу үшін Үндістанға не Мәскеуге ұшуым керек болды. Сол кездері Мәскеуге дрондар шабуылдап жатқаны жайлы көп айтылып, ұйымдастырушылар менің қауіпсіздігімді ойлап, паспортымды DHL арқылы Ирландияға алдырды" дейді құқық қорғаушы.

Мадрахимованың сөзінше, 6 мамырда виза басылған төлқұжаты Өзбекстанға келген. Құжат DHL компаниясының жабық конвертіне салынып, Ирландиядан жеткізілген.

"7 мамырда пошташы құжатымды Ферғанадан Қоқандқа алып келді. DHL конверті таза, бүтін болды. Бұл конверттің ішінде тағы бір кішкене конверт бар екен. Конвертті ашқанда бір түрлі иіс шықты. Конверттің иісі деп ойладым. Бірақ паспортты қолыма алғанда бүлінгенін көрдім. Мені Өзбекстаннан шығармаудың амалы болса керек. Бір жағынан бұл менің жұмысымды мойындағандары" дейді ол.

Шарифа Мадрахимова
Шарифа Мадрахимова

Құқық қорғаушы бүлінген паспортын ала сала Front Line Defenders және DHL компаниясының Ташкенттегі бөліміне хабарласқан.

"Паспортымды видеоға түсіріп, Front Line Defenders өкілдеріне жібердім. Қатты таң қалып маған хабарласты. Өзбекстанға жібергенде бүтін болғанын айтты. Ал DHL өкілдері мұндай оқиға алғаш рет болып тұр дейді. Меніңше, "жоғарыдан" біреу құжатымды әдейі өртеді деп ойлаймын" дейді Шарифа Мадрахимова.

Ал құқық қорғаушының желідегі жазбасына Өзбекстан кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусан Тангриев жауап ретінде "шетелден келген құжаттар мен хаттар кедендік тексерістен өтпейді" деп жазды.

Өзбекстан кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусан Тангриевтің жауабы.
Өзбекстан кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусан Тангриевтің жауабы.

Шарифа Мадрахимова жаңа төлқұжат алуға тырысқан. Құжат он күнде дайын болуы тиіс еді. Құқық қорғаушының сөзінше, паспортқа өтінішті 8 мамырда тапсырған, бірақ 22 мамыр болса да әлі паспортын алмаған.

Front Line Defenders сыйлығының табыстау 22 мамырда Дублинде өтті. Мадрахимова бара алмай, оның сөзін тағы бір құқық қорғаушы Умида Ниязова (Германиядағы Өзбек-Неміс адам құқығы жөніндегі форумның жетекшісі) оқып берді.

"Репрессиясы бар елдерде билік шындықтан қорқады. Ал шындықты құқық қорғаушылар айтады. Олардың қайсарлығы мен жұмысы атап өтуге лайық. Менің елімде көп адам үндемеуге тырысады, себебі үндеу қауіпті. Үрей қауқарсыздықты тудырады, ал құқық қорғаушылар қорғансыз емес. Кімге көмектессем де, өмірін жеңілдетсем де жақсы іс жасап жатырмын деген сеніммен істедім. Марапатқа, сенімдеріңізге және осындай үлкен қолдауларыңызға алғыс" деп жазған хатында Мадрахимова.

Шарифа Мадрахимова қызметі үшін талай рет қысым көрген. Кейінгі жылдары ол балаларға және ересектерге мәжбүрлеп мақта тергізу мәселелерін көтеріп жүр.

Front Line Defenders былтыр сәуірде Өзбекстанның билікшіл блогерлері Шарифа Мадрахимова мен Умида Ниязоваға желіде шабуыл жасап, жала жапқанын айтады. Билікшіл блогерлер екі құқық қорғаушыны "Өзбекстанға қарсы ақпаратты шабуыл ұйымдастырды" деп айыптаған.

Умида Ниязова.
Умида Ниязова.

Ал Умида Ниязова Шарифа Мадрахимованың паспортымен болған жағдайға қатысты Азаттыққа былай пікір білдірді:

"Шарифа бұл марапатқа лайық деп санаймын. Өз ойын айтқан адамды түрмеге отырғызатын елде Шарифа сияқты адамдардың ержүректігін атап өту керек. Өкінішке қарай, Шарифа бұл беделді сыйлықты алуға келе алмады. Шарифаның төлқұжатын бүлдірген адам өзбек шенділерінің ауызша жоққа шығарып келген шындықты растады. Яғни, Өзбекстандағы сөз бостандығы күннен-күнге нашарлап, сынды шектеліп жатыр. Ел абсолютті автократияға жылжып барады".

Шарифа Мадрахимовамен болған жағдайға ұқсас оқиғалар Өзбекстанда бұрын да болған. 2014 жылы өзбекстандық суретші Вячеслав Ахунов Нью-Йорктегі VOLTA көрмесіне шыға алмаған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG