Accessibility links

Тоқаев Дархан Сатыбалдыны не үшін Алматы әкімі етіп тағайындады?


Қазақстанның ең үлкен мегаполисі Алматыда әкім ауысты. 24 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін қызметке кіріскен Ерболат Досаевты алып тастады. Тоқаев оның орнына президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған Дархан Сатыбалдыны ұсынды. Бұл ауыс-түйістің артында не жатыр?

"ПРЕЗИДЕНТ ТАҒАЙЫНДАҒАН ӘКІМ"

Есеп беру кездесулерінде халықпен жиі сөзге келіп қалатын Ерболат Досаев 3 жылдан аса уақыт Алматы әкімі болды. Оның кеткенін бір ғана сөйлеммен хабарлаған Ақорда шешімге не түрткі болғанын түсіндірмеді. Азаматтық қоғам Досаевтың жұмысын жалғастыруына қарсы болған. Мәселен, 24 мамырда осы талаппен митинг өткізуді жоспарлады, бірақ рұқсат ала алмады. Досаевтың жұмыстан шығуына қоғамдағы наразы көңіл күй себеп болды ма – ол жағы анық емес. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыс-түйіс себебін көп жағдайда құпия қалдырады.

Ерболат Досаев – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең атышулы шенеуніктердің бірі. 2006 жылы денсаулық сақтау министрі кезінде Шымкентте балалар жаппай ВИЧ жұқтырып, отставкаға кеткен. 2016 жылы жерді шетелдіктерге жалға беретін заңға қарсылық күшейгенде, заң бастамашысы болған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев экс-президенттен сөгіс естіп, лауызымын өз еркімен тапсырған еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әкімі болып тағайындалған шенеунік дәл сондай үлкен дауға қалмаса да, ел аузынан түспейтін әкім болды. Әкімдер жайлы хабарларымен танылған журналист Асхат Ниязовпен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартып, Алматы тұрғыны емес журналиске сұхбат беруге міндетті емесін айтқан. Алматы жұртымен жиі кездессе де, жиынға келгендерімен дауласып отыратын әкім 2023 жылғы шілдеде өткен сондай жиындардың бірінде оның отставкасын талап еткен петиция жайлы пікір білдіріп, "Сіздердің пікіріңіз әкім ретінде маған маңызды болар, бірақ бұл қызметке мені тағайындаған мемлекет басшысы, бұл шешімді ол қабылдайды" деген.

Бұқаралық ақпарат құралдары ол Алматы әкімі қызметінде мақтауға да ие болғанын, сынға да ілінгенін жазды. Оны жолдың жиектастарын жиі ауыстыруы, жуықта жөнделген жолдарда қайта құрылыс бастауы, нашарлаған ауа сапасына көңіл бөлмеуі көпшілікке ұнамаған. Дегенмен басылымдар Досаев қоғамдық көліктердің экологияға зиянсыз түрін көбейтті, қала бюджетін ұлғайып, экономикасы өсірді деп жазады.

Досаевтың аты былтыр күзде Азаттық радиосының "Дубайдағы Қазақстан" зерттеулер сериясының "Әкімдер" бөлімінде де аталған. Зерттеуде Дубай қаласында Алматы әкімінің құны 300 млн теңге болатын пәтері анықталған. Кезінде журналистерге "мен кедей емеспін" деген әкім бұл мүлік табыс декларациясында көрсетілгенін айтты.

Еңбек жолында мемлекеттік қызметпен қатар кәсіпкерлікпен де шұғылданған Досаев 2013, 2014 жылдары "Форбс Қазақстан" журналының тізіміне елдегі ең бай 50 бизнесменнің бірі ретінде аталды. Сол кездегі байлығы 110 млн долларға бағаланған. Алматы әкімі болып тұрғанда оның атында 5 компания бар еді. Өзі компаниялар коммерциялық мақсатта жұмыс істемейді, сондықтан табыс таппаймын деп түсіндірген.

"УА, ХАН ИЕМ" НЕМЕСЕ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ

Халқы ең көп қалаға енді 51 жастағы Дархан Сатыбалды әкім болады. Ол бұған дейінгі қызметі, президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары лауазымын небары 4 ай атқарды. Бірнеше жыл бұрын жойылған президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары деген лауазым биыл қаңтарда ғана қайта ашылған.

Дархан Сатыбалды одан бұрын Түркістан облысының әкімі болды. 2022 жылы ол әкім болып тағайындалған соң, мақта және жер мәселесіне шағынған бір топ дихан облыс басшысының назарын аударту үшін тізерлеп "уа, хан ием" деп акция жасаған.

Еңбек жолын мемлекеттік мекемелерде бастаған Дархан Сатыбалды білім және ғылым министрінің орынбасары, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы, Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі, Шымкент қаласының әкімі сынды түрлі жоғары лауазымдарға көтерілді. Ал оның туған бауырлары құрылыс бизнесінде табысқа жетті. Өзі оларға биліктегі ықпалын пайдаланып көмектеспегенін айтқан.

Дархан Сатыбалдының ағалары мен інілері құрылыс және жылжымайтын мүлік саласында ондаған компанияға иелік етеді. Олардың бизнесі әсіресе 2022–2024 жылдары қарқынды дамып, миллиардтаған салық төлеген. Сатыбалды отбасы мүшелерінің бизнесі елордадағы кіші Талдыкөл аумағындағы даулы құрылыс жобаларымен де байланысты. Өзі Талдыкөл туралы көзқарасын сұраған журналистерге жауап бермеген.

АУЫС-ТҮЙІС НЕГЕ РЕЗОНАНС ТУДЫРДЫ?

Әлеуметтік желілерде Алматы басшысының ауысуы қызу талқыға түсті. Арасында Досаевтың кеткеніне қуанғандар да, оның жақсы жағын тізбелеп шыққандар да бар. Жаңа әкімнің тиімді басшы болатынына күмән келтіріп, оның шыққан жеріне назар аударып жатқандар да байқалды.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева

"Біріншіден, ол оңтүстіктің адамы. Бәлкім Тоқаев үшін оның алматылық болмағаны маңызды емес шығар. Әдетте, оңтүстік адамдары жұмсақ әрі әдемі сөйлейді. Бәлкім бұл қасиеттер қажет болатын шығар. Меніңше, кейінгі кезде бұл кісіні біреулер қатты сүйемелдеп келеді. Ол үлкен қызметтерді атқарады, бірақ біз оған ешқалай баға бере алмай жүрміз. Теріс жағын да, оң жағын да көре алмай отырмыз. Бірақ сөйте тұра түрлі саладағы түрлі лауазымды қызметтерді атқарып отыр. Өте түсініксіз, жабық, бірақ белсенді тұлға. Тоқаев сол себепті оны сынап көргісі келген болар" деді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева AIRAN YouTube-арнасына берген сұхбатында.


Саясаттанушы Димаш Әлжанов Алматыда әкімді сайламай қаланы тиімді басқару қиын екенін айтады.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов
Саясаттанушы Димаш Әлжанов

"Қаланы Астанадан – орталықтан басқарып отыр. Іс-жүзінде Алматының даму әлеуетін тежеп отырған саяси шектеулер бар. Сол себепті қалада саяси субъектілік жоқ, түсінікті даму жоспары бар тиімді басқару жоқ. Осы уақытқа дейін заманауи қалалық инфрақұрылым мен коммуникация жасалмады. Қаланың жалпыұлттық ішкі өнімі республикалық ЖІӨ‑нің 21 пайызын құрайды. Бұл өте салмақты ресурс және экономикалық мүмкіндік, бірақ оны қала тұрғындарының пікірінсіз, мүддесінсіз пайдаланып отыр" деді ол Facebook-парақшасында.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Астана үшін Алматыға тиімді басшы келгені тиімсіз екенін айтады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

"Орталықтың көзімен қарасақ, Алматы әкімі неғұрлым нашар болса, соғұрлым жақсы. Өйткені әрдайым көңілі толмайтын алматылықтардың негативін өзіне тартып отыруы қажет. [Алматы әкімін] қалалықтардың ықыласына бөленгені үшін бағаламайды. Өйткені ондай жағдайда, ол саяси тұрғыда қауіп көзіне айналады, орталық үшін өте танымал әрі қауіпті лидер пайда болуы мүмкін" деді ол Facebook-те.

Алматы әкімі қызметін ұзақ атқарған шенеуніктер расымен де президентке қарсылас немесе оның ізбасары деп аталып жатады. 1990 жылдары Алматы қаласын, одан кейін Алматы облысын басқарған Заманбек Нұрқаділов оппозицияға өтіп, елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шықты. 2005 жылы қарашада Нұрқаділов өз үйінде өлі күйінде табылды. Денесіне үш оқтың ізі болса да, құзырлы органдар істі өз-өзіне қол жұмсау бабы бойынша тергеді.

Алматы әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов пен Бауыржан Байбекті Назарбаевтың ізбасары болуға кандидаттар қатарында аталып жүрді. Тасмағамбетов – бүгінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы, Бауыржан Байбек Қаңтар оқиғасынан кейін көлеңкеге кетті.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пікірінше, президент сайлауы 2029 жылы өтсе және Дархан Сатыбалды өзін білікті басшы ретінде көрсете алса, ол да ізбасарлыққа үміткер атануы мүмкін.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт

"Егер президент Тоқаев 2029 жылға дейін отыратын болса, оған дейін бірнеше кандидат мұрагер ретінде қарастырылады. Алматы қаласы әкімі болған азаматты бұл есептен шығаруға болмайды. Өйткені Алматы қаласы электоралды салмағы жағынан, экономикаға үлесі жағынан республикалық, ұлттық масштабтағы саясатқа ықпал ететін азаматтар келетін, немесе сондай азамат өсіп шығатын қызмет. Сондықтан бұл жауапты қызметке қатардағы әкімдерді тағайындамайды. Яғни саясатта бәсі жоғары және президент әкімшілігімен, ең бастысы президентпен тіл табыса алатын азаматтар келеді. Сондықтан бұл жерде Дархан Сатыбалды үшін осы уақытқа дейін болған қызметтерінің ішіндегі, тіпті мынау осы уақытқа дейін төрт-бес ай отырған президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінен де жоғары лауазым осы Алматы қаласының әкімі қызметі деп айтар едім" деді Шалқар Нұрсейітов Азаттыққа.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформасының бір бағыты ретінде ауыл және аудан әкімдерін сайлауды атап жүр. Осы күнге дейін ондаған аудан әкімі, бірқатар облыстық маңызы бар қала әкімі сайланды. Бірақ республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың басшылары әлі де тағайындалып келеді.

Шалқар Нұрсейітов нағыз саяси реформа Алматы секілід ірі қалалар мен облыс басшыларын сайлаудан басталатынын айтады.

"Билік мұндай қадамға не үшін бармай отыр дегенге келсек, бұл президентті көлеңкеде қалдыратын әкімдердің пайда болуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан Ақорда мұндай шешімге асықпайды" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG